Олар не істейді? –Қайтушы еді, байғұстар. Өлмес тіршілігін жасайды да. Ол ауыр күрсінді. Сол бойы үріккен ұйқым қайтып келмей, таң атқанша көзі мөлт-мөлт етіп бұзауын іздеген сары сиыр мен әке-шешесіз қалған үш бала көз алдымнан кетпей тұрып алды. –Апа, Құлманның үйіне кеп жүретін арба кімдікі? Оның көкесінен неге хат жоқ? –Қайдам, қарағым. Ұйықтасаңшы. –Түсімде оны да көрдім. Жылап жүр. «Менің көкем келмейтін бопты, бақташы бала мені алдапты»,–дейді. –Түсінде жылағаны жақсы, өңінде қуанады екен. Байғұс балалар-ай… Обал болды-ау! –Апа, сіз неге олай дейсіз, а? Неге «байғұс» дейсіз, «обал болды» деп неге айтасыз? Неге жылайсыз! Апам көпке дейін жауап бере алмады. –Олай демей қайтерсің… Аналарының… қаршадай қызды шырқыратып сабағаны есімнен кетпейді. Жата қойшы, қалқам, жата ғой. Айтпашы бұл жөнінде… Мен ол кісіні мұнан әрі қинамадым. Әйтсе де, ол менен бір шындықтың ұшын жасырып қалғандай көрінді де тұрды. Көктемге салым Орынша жалаңаяқ, жалаңбас ауыл кезіп кететінді шығарды. Жолыққан адамға ұзақ тесіліп қарап тұрады да: «Жыламаңдар!» – дейді. Кейде тамының төбесіне шығып алып айқайлап өлең айтады. Ұзын таяққа жіп байлап алып «қармақ сап, балық ұстап отырады» да, өзінен-өзі сақылдап күлумен болады. Бұрын екі күн ауру, бір күн сау жүруінен төсек тартып жатуы көп еді, қазір жалаңаяқ қар кешсе де қыңқ демейтін болып алды. Өзі былтырғысынан толықсып, екі бетіне қан жүгіріп, шырайланып алған сияқты. Бір күні ауыл адамдары кеңесіп, Орыншаны қаладағы ауруханаға апару керек деп шешті. Таңертеңгі қатқақпен колхоздан жәшікті арба алып, Сейду ағай, Құлман үшеуміз жолға шықтық. Орынша ауыл кезіп кетпей тұрғанда үйінен тауып алайық деп үшеуміз ертелетіп келсек, ол бес жасар қызына шыңғыртып емшегін емізіп жатыр екен. Сейду кеп қызды қолынан жұлып алды. –Не болды саған, Орынша. Бала боп кеттің бе?–деді. «Есің дұрыс па?» – дегеннің орнына «Бала боп кеттің бе?», –деп әдейі айтқанын сезіп тұрмыз. – Жүр, қалаға барып қайтайық, базар аралаймыз, балаларға тамақ, киім-кешек қарайық. –Қала? – Орыншаның іші бір нәрсені сезген болуы керек, Сейдуге үрейлене, тесіле қарады. –Иә, қалаға. Есік алдында арба күтіп тұр. –Жоқ, жо-оқ!–деді ол кенет барынша айқайлап, бұрышқа қарай жылжып. –Бармаймын! Қаладан қорқамын! Онда шпана бар! –Неғылған шпана? –дейді Сейду оны көндіру үшін жайдары күлкіге көшіп. –Шпана болғанда бізді қайтеді? Және сабаудай-сабаудай үш жігіт бара жатырмыз. –Ол бізге қарай иек қақты. –Қаласаң Гүлжамалды да бірге ала жүрейік. –Жоқ, жо-оқ! – деді ол кенет барынша айғайлап. – Бармаймын! Бармаймын қалаға! –Ол бұрышқа тығыла түсті. Орыншаны сөзбен көндіру мүмкін еместігіне көзі жеткен Сейду далаға шығып кетті де, ізінше қайта келіп, дуалды жарып өтіп кетердей бұрышқа арқасын тіреп, бір уыс
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38