боп үрейленіп отырған оған жайлап жақындады. –Құлағыңды әкелші, мен саған бір сөз айтайын. Соны айтам да кетем. –Жоқ құлағымды тістеп аласың, жақындама! Сейду оны сөзге айналдыра тұрып, көз ілеспес шапшаңдықпен артына жасырып келген арқанын оның кеудесіне қалай өткізгенін аңғармай да қалдық. Ол жалғыз қолмен-ақ арқанды төрт-бес айналдырып, Орыншаны қас пен көздің арасында шандып тастады. Әлгінде ғана анасының азабынан құтылғанына қуанып тұрған кішкене қыз Сейдудің оны арқанмен шандып жатқанын көріп, шыңғырып кеп оның кеудесіне жармасты. «Көкетай, көкетай, байламаңызшы апамды, байламаңызшы! Оны неге байлайсыз? Қолы ауыратын болды ғой! Жіберіңіз, жіберіңізші! Көкетай, жалынамын!» Көзінен моншақ-моншақ жас тамшылаған Гүлжамал қолды-аяққа тұрмай, шыңғырған сіңлісін көтеріп алып, там айналып кетті. Сейду Орыншаның балықтай тулап, асаудай шыңғырғанына қарамай белінен қапсыра құшақтады да, бір жамбасына қисая көтеріп есік алдында тұрған арбаға апарып салды. Бізден көмек те сұрамады. Сейдудің екі қолының күші бір қолына жиналған деген жұрттың әзіл сөзі шын екенін қазір аңғардық. Арба орнынан қозғалды. Біз бұрылып, соңымызға қарай алмадық, қарай қалсақ бір үлкен, бір кіші үш баланың қаздай тізіліп, егіліп тұрғаны жүректі шаншып, бауырды осып түсетіндей көрінді. Сейду де осыны сезінген болуы керек, үйден жылдамдырақ ұзап кету үшін арба орнынан қозғалған бетте арық атты қамшыға көміп, желдірте жөнелді. Біз қалада екі күн болып, ауылға үшінші күн кешке жеттік. Сейду жолай колхоздың кеңсесіне соғып, Орыншаның балаларына деп әрең дегенде он кило бидай жаздырып алды. Біз қатты қуандық. Жұбымызды жазбаған бойымызша апаларының хабарын айтпақ боп, әрі бидайды беріп қуантқалы Гүлжамалдың үйіне бұрылдық. Арба есік алдына кеп тоқтағанда үш күннен бері әр тықырға елеңдеп отырған Гүлжамал далаға жүгіріп шықты. Жүгіріп шықты да, саудырап түсіп келе жатқан бізді көріп кілт тоқтай қалды. Апасының қаладағы ауруханада қалатынын және ол жақтан жуық арада қайтып келе қоймайтынын Гүлжамал жақсы білетін-ді. Үлкендер жеткізе айтып құлағына құйған, көндірген. Көнбеске, мойынсұнбасқа лаж жоқ екеніне жас қыздың көзі жеткен. Бірақ ғайыптан-тайып келер қуаныштан қашан да дәмелі үміті тұйыққа тірелмей тыншу таба ма? Апасын алып кеткен арбаның есік алдына бос келгені оның елеңдеген көңілін бірден тұншықтырып, кеудесіне жетімдік ұялатып кетті. Сейду оның бетінен сүйді. Дәрігерлермен сөйлескенін, оларды жақсы танитынын, ауруханада көп ұстамаймыз деп уәде бергенін, қолы қалт еткенде өзі барып тұратынын, арба болса бұларды да апарарын, тағы сондай толып жатқан көңіл жұбатар жылы сөздерін айтып жатты. Бес жасар қыз бен кішкене бала ұйықтап қапты. Апам келеді деп күтіп-күтіп, қалжырп ұйықтапты. Сейду Гүлжамалға колхоздың қоймасынан алған он кило бидайын берді. Гүлжамал селт етіп қуанған жоқ, дәлізден үлкен шелек әкеліп, бидайды соған аударды да, қапшықты босатып Сейдудің өзіне қайтып берді. –Ертең
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38