БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

бәрін диірменге тартып алам ғой,–деді. Ол үш күннің ішінде есейіп кетіпті. Қимылы мен сөзінде балаға тән бір де бір нышан жоқ. Ертең кеп диірмен тартуға көмектесетінімізді айтып біз шығуға беттедік. Сол кезде Гүлжамал Сейдуге қарап: –Былтыр… әскерге кеткен балалар бар еді ғой, – деді даусы дірілдеп. –Солардың біреуі… Мәден… қаза бопты. –Не дейді? Қашан? –Кеше таңертең хабар келді. Естімеген екенсіздер ғой. Біз солай қарай тарттық. Әлгінде Сейду колхоздың кеңсесінде, қоймасында болып шыққанда бұл хабарды оған ешкімнің айтпағанына таңдандық. Әлде, өздері де естіген шығар деп ойлады ма екен? Тегінде, мұндай хабарды жұрт айтқысы келмейтін, мүмкін содан да шығар. Көз алдымызға «Оппа! Қырық бір! Оппа! Қырық үш! Ура-а! Жеңіс!»– деп айқайлаған Мәденнің үні келді. Даусы дәл қасымыздан естіліп тұрғандай. Сонан соң оның жалаңаш билеп жүргені, қоштасар түнгі: «Қорқатын не бар? Неміс пе? Одан неменесіне қорқасың? Ол да біз сияқты адам. Бірақ, апамды аяймын»,– деген жігіттігі мен балалығы бірдей байқалатын сөзі құлақта қайта-қайта жаңғырғандай болды. Енді оның даусын біз ешқашан естімейміз, ешқашан! Ондай адам болған жоқ, туылған жоқ! Бәрі бітті! Жарық дүниеге келіп ана сүтімен тәй-тәй басты, жүгірді, жылады, күлді, оқыды, ауыра қалса әке-шешесі жан ұшырып емдетті, тәрбиеледі, мәпеледі. Сонда не үшін? Не үшін? Оны баптап-сақтап, балғын кеудесін оқ тесіп өту үшін бе? Бұрын күйеуі мен үлкен баласынан қабат айырылған ана ортаншы ұлының қазасын естігенде жыламапты. Үйіне жүгіріп кіріп, мектепке кеткелі жатқан бесінші кластағы кенже баласын бас сап құшақтай алыпты. «Кетпейсің, кетпейсің! Жібермеймін ешқайда. Өлсем де жібермеймін… Бармайсың мектепке!» Құлман екеуміз түнделетіп қайтып келе жатырмыз. Тағы да үнсізбіз. Көктемнің қара суық желі мұздай алақанымен арқамыздан тағы да итеріп келеді. Тағы да сол жұлдыздар, бірақ олар бүгін өткен жолғыдай емес, аспанға сыймай сығылысып, жапырлап тұр. –Оңғар,–деді Құлман. –Не? –Сен… біздің үйге кеп жүретін арбаны білесің ғой. —Мен оған таңдана, үрейлене қарадым. –Иә! Көргем! –Ол арба… – Құлман деміне тұншығып, сөйлей алмай мүдіріп қалды. – Ол арба.. Оны мен білемін. –Ол кім? –Ол… басқа колхоздан. Апам сол арбаға көп мінеді. Кейде, мен жоқта үйге де еріп келетін көрінеді. –Қарындасың бар емес пе? –Оған дәлізге төсек сап береді екен. Ешкімге айтпа, айтсаң пешке тығып жіберемін деп қорқытыпты. Өткенде, Мәденді шығарып сап қайттық қой, сонда қарындасым көрпеге оранып, таң атқанша ауызғы үйде отырыпты. Мен келсем, отырған орнында ұйықтап қалған екен. Ұрыстым, қорқыттым. «Айтпасаң мүлде кетемін»,–дедім. Ол бәрін айтып берді. Апамды да, өзімді де өлтіргім келді. Бірақ қарындасымды аядым. Ол жалғыз қалады ғой. Төбемнен жасыл түскендей болды. Бұл соғыстан келген қайғылы хабардан бір мысқал ғана ауыр, бір мысқал

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38