БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

ғана жеңіл еді. Және осының бәрін тел қозыдай бірге өсіп, бірге жүрген, бірге сырласатын Құлманның осы кезге дейін тісінен шығармай ішіне сақтап келуі де бір жағынан мені қайран қалдырса, екінші жағынан ызамды қоздырды. Бірақ мен бұл ашу-ызамды білдіре алмадым, оған тап қазір өкпе-реніш айтып жату мүлде орынсыз, мүлде артық, мүлде жасанды сияқты боп көрінді. – Оңғар,–деді ол тағы да. – Иә. – Бар ғой.., Менің кейде… бір жаққа қаңғып кеткім келеді. Ешкім білмейтін, танымайтын жаққа. Бірақ тағы да қарындасымды тастай алмаймын. Мен кетсем ол жылайды ғой. Оның менен басқа ешкімі жоқ. Үйге кірсем көкемді аяймын. Ол соғыста жүр, ал әйелі (апам демей әйелі деді) біреудің арбасына мінеді, кейде тіпті үйге де қонбайды. Мүмкін, дәл сол кезде көкем қансырап жатқан шығар. Оның даусы дірілдеп, сөзінің соңы әрең ғана естілді. Бірақ, көзіне жас алмады. Ол берік еді, ол өзін-өзі ұстай білетін. Біз оның үйіне таяндық. Сол кезде ол қалт тұра қалды. Қараңғыда еңкейіп, қолымен жерді сипалай бастады. – Құлман, саған не болды? – Қарашы, мынау арбаның ізі ғой? – Иә. – Мен кеткенде жоқ болатын. Демек, ол… ол тағы келген… Құлман бойын көтеріп, көпке дейін бір орнынан тапжылмай үнсіз тұрып қалды. Оның жүзінде қандай өзгерістер болғанын қараңғыда байқай алмадым. Әлден соң барып: – Сен… сен кете бер, – деді тістеніп. Мен оны жалғыз тастауға қорықтым. – Жоқ, кетпеймін. – Бара бер деймін, мен қазір кіремін. – Екеуміз бірге кіреміз. Біз үйге кірдік. Құлманның апасы мен қарындасы жатып қапты. Құлман терезе алдында сығырайып тұрған май шамды көтеріп қойды. Біздің дүрсілімізді естіп, басын көтеріп қайта жатқан апасы шамның пілтесі көтерілген кезде: – Жарқыратпа, май жоқ, – деді. Сонда ғана көзім түсті, Құлманның өңі қуарып, еріндері дір-дір етіп тұр екен. Ол жол-жөнекей кезіккен ыдыс-аяқтардан аттап-бұттап ұйықтап жатқан қарындасының қасына жетіп барды да, бетін ашты. –Зеркүл, Зеркүл! Неге жылап жатырсың! Айт, айт қазір, – деді ол қарындасын жұлқылап. Құлман кірген бетте оның үнсіз жылап жатқанын, бірақ апасынан қорқып баяғыда ұйықтап қалған адамдай қимылсыз қалғанын сезсе керек. Қарындасы басын көтермей, көз жасын бізге көрсеткісі келмей көрпесін қайта бүркеді. Сол кезде барып Панзай орнынан тұрды. – Болды, болды! Жанының аши қалуын! Ол нені айту керек саған! Құлман да бұрынғыдай күмілжіген жоқ. – Ол неге жылап жатыр? – деді. Даусында үлкен адамға тән байсалдылық пен зіл бар. – Неге жылағанын өзінен сұра. От жағам деп бүкіл керосинді құртыпты. – Зеркүл, айт! Көтер басыңды! Қорықпа, мен тұрғанда, қорықпа. Айт қазір. Отты сен неге жағасың? Құлман Зеркүлді жұлқылап жүріп тұрғызып алды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38