БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

Оның көзі қызарып, беті домбығып кетіпті. – Үйде ешкім болмады. Отты әрең жақтым. Керосинді төгіп алдым. – Ол… ол… колхозға кеткен ғой?.. Панзай Құлманның қасына жетіп барды. – Жап аузыңды, жетпегір! Мені, мені тексерейін деген екенсің ғой. Ақырзаманның тас түйнегі! Шешеңді тексеруге қалай дәтің барады. Өшір үніңді! Құлман ашудан қалш-қалш еткен Панзайды елең қылмады. Қарындасына қарап: – Ол үйге келді ме? – деді. «Ол» дегеннің кім екенін Зеркүл де бірден түсіне қойды. – Жоқ. Панзай үстінен ауыр жүк түскендей терең бір дем алды. –Айт шыныңды, алдап тұрсың. Айт деймін! – Ол қарындасының иығынан сілкіледі. Панзай одан әрі төзе алмады. – Ойбай-ау… Ойбай-ау, мынаған бүгін бір бәле көрінген бе, а? Мұны қайдан үйреніп келдің? Біреу оқытып жібергеннен сау ма? Кім келмекші, кім келу керек еді бұл үйге! Қорқытпа қаршадай қызды. – Ол менен қорықпайды, – деді Құлман. – Мен оның туған ағасымын. – Мен шешесімін! – Жоқ… – Құлман оған тайсалмай тура қарады. – сіз… сен… әкемнің әйелісің! Панзайдың көзі шарасынан шығып, қалшылдап кетті. Ошақтың алдында жатқан бір басы күйе көсеуді ала салып оған бас салды. Ұрмақ боп қолын көтере бергенде, Құлман шап етіп оның көсеуін тартып алды да, ауызғы үйге қарай лақтырып жіберді. Сөйтті де: – Зеркүл, айт қане, бұл үйге біреу келді ме? – деді. – Жоқ… імм… иә… – Кім? – Өткен жолғы кісі. – Сен қайда жаттың? – Тағы да дәлізге төсек сап берді. Қарындасының сөзін анығырақ естімек боп еңкейіп тұрған Құлман кеудесін жайлап көтеріп, Зеркүлдің бар шындықты жариялап қойғанына шыдай алмай дір-дір еткен Панзайға бетін бұрды. Оның көзі жаралы қабыландай қанталап, екі танауы делдиіп кетіпті. Панзайдың бойы кернеген ашуын неге болса тәуекел етуге дайын Құлманның мына көзқарасы қуып шығып, оның орнына біртіндеп үрей кіре бастады. Бала алдында тайсақтағанын сездіргісі келмеген Панзай оқиғаның алдын орады. – Рас, бәрі рас, – деді ол кенет бәрін мойындап. –Ал, өзім айттым. Не істей қоймақсың маған сонда! Бала деп жүргенім бөлтірік боп шықты ғой! Панзайдың өзі кінәсін ашықтан-ашық мойындауы Құлманның жігерін құм қылып, жасытып жіберді. Ол мынадай халге қандай қайрат көрсетерін білмей сол орнында ұзақ сілейіп тұрды да, шарасы таусылып, қарындасының қасындағы жастыққа гүрс етіп құлап түсіп, еңіреп жылап жіберді. Мен Құлманның жылағанын бірінші рет көрдім. «Намыс» деген сөздің мағынасын мұндай жаста қанға толық сіңіре алмайды дегенге сенбеймін. Ол аяққа тапталған әке намысын қалай, қайтып қорғаудың жолын таппай, дәрменсіздігі мен шарасыздығына іш құса боп, соған ызаланып жылап жатты. Мен оның басын көтермек боп «Құлман» деп едім, қолымды қағып жіберді. – Кетіңдер,

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38