кетіңдер бәрің!.. – Құлман, қойшы, жыламашы… – Жылаймын, жылаймын деген соң жылаймын! Кетіңдер аулақ! Аулақ кетіңдер менен! Бәрің де, бәрің де! Ол басын жастықтан кенет көтеріп, орнынан атып тұрды да, төрдегі қабырғада осы оқиғаның бәріне күлімсіреп қана қарап тұрған әкесінің суретін жұлып алды. Ішіндегі намыс пен қайнаған ыза оның есін матап, барынша күйінген, ашынған дауыспен айқайлай сөйледі. –Неге келмейсің, неге хат жазбайсың?! Неге, неге, неге! Сені қорлады ғой, сонда да білмейсің бе? Шынымен білмейсің бе? Ол суретке бетін басып, үлкен адамдай қаусап жылады. Манадан бері үнсіз тұрған Панзай «Сені қорлады ғой» деген сөзді естігенде жетіп кеп, Құлманның желкесінен көтеріп тұрғызды. Ұрады екен деп ойлап қалды ма, Зеркүл шыр етіп оның қолына жармасып еді, Панзай, «тәйт әрі» деп сілкіп тастады. – Кім оны қорлаған? Айт қане, кім? – деді ол орнынан тұрмақ боп ұмтылған Құлманды тырп еткізбей. – Сен, сен! Ол арбаны талай көргенмін. Қарындасым да көрген. Оны сұп-суық дәлізге талай қуып шыққансың. Оны да білемін. Бәрін, бәрін білемін. Сенсің, сенсің оны қорлап жүрген! Панзай сазарып орнынан тұрды. Оның қолға оп-оңай түсіп тұрған Құлманды босата салуы мен үшін күтпеген жағдай болды. – Оның намысын таптаған жоқпын, – деді Панзай әр сөзін нықтай сөйлеп. – Таптадың, таптадың! Оны да, бізді де қорладың! – Ол суретке қайта қарады. – Неге күлесің, неге күліп тұрсың! Тым болмаса қайда екеніңді неге айтпайсың! – Ол… қайда екенін… енді айтпайды. – Не дедің? Не дедің деймін мен саған?! – Ол жоқ. Қаза болған! Құлман жынданған адамдай оның жүзіне ұзақ қадалып тұрып, айқайлап жіберді. – Өтірік! Өтірік! Жалған! – Сендер білмей-ақ қойсын деп айтпай келіп едім. Амалым болмады. Ақыры айтқыздың. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір естулерің керек қой. Келіп жүрген адам – менің бұрынғы күйеуім. Шындықты білгің келсе –осы! Құлман етпетінен түсіп, жастықты тоқпақтай берді. – Өтірік! Өтірік! Өтірік! Сен өлтірдің! Сен, сен өлтірдің! Жо-оқ! Өтірік! Өтірік! Өті-і-рік! Апам жылап тұрып бәрін айтты. Осыдан екі ай бұрын Құлманның көкесінен қара қағаз келіпті. Күйеуінің қаза болғанын естісе Панзай кетіп қалып, балалары панасыз қалар деп ауыл адамдары жасыра тұруды жөн көріпті. Балалар есейсін депті. Бұл – ауылдың мейірбандығы, ауылдың қаталдығы еді. Құлманның көкесі жайлы сұрағанымда апамның үнсіз жылағаны, «Бұл жөнінде айтпай-ақ қойшы», – дегенінің түп-төркіні де осындай дәрменсіз аяушылықтан екенін енді түсіндім. Аттай екі ай өткен соң майданнан «Жеңіс» деген қуанышты хабар келді. Осы жалғыз ауыз сөзді шағын ауыл сарылып төрт жыл күтті. Осы жалғыз ауыз сөз үшін қырық жылға жетер күлкісін, қырық жылдық көз жасын, қуаныштары мен түнгі
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38