терісін біржолата жоғалту қаталдық шығар. Бәлкім сары сиыр бұзауының терісін көргенде оны мына жарық дүниеде жер басып тірі жүр екен деп ойлап қалатын шығар. Қалай болғанда да бұл тіршілік еді. Тірілердің өмірі. Түн жарымы ауғанша көз іле алмадым. —Неге ұйықтамай жатырсың?–деді апам. –Басқа бұзаудың терісі болса қайтеді? –Кім?.. Ә-ә, сен соны ойлап жатырсың ба? Ұйықта, таң жақындап қалды. Мал өз төлінің иісін таниды. –Кеуіп қалған тері болса да ма? –Иә, кеуіп қалған тері болса да… Еһ… қай жерлерде жүр екен байғұс!.. –Ол ауыр күрсінді. –Кім? –Әкеңді айтам. Хат жоқ… Бір жерлерде қарға-құзғынға жем боп жатыр ма екен… –Апа, егер көкем болса… сиырдың бұзауы да өлмес еді ғой, ә? –Әрине. Қайдан болса да, тауып алып, бұзауын мойнына сап көтеріп әкелер еді ғой… Мен апамның мойнынан құшақтадым. Денем дір ете түсті. Мойны су екен. Жылап жатыр. Үнсіз жылап жатыр. Жыламашы деп айтқан жоқпын… Енді қайтып қолға алмастай болған кітаптардың басын әрең құрап, шүберек сөмкеге салып үйден шыға бергенімде соңымнан Еркінай айқайлады. – Әй, сырғанақ теппе, білдің бе? – Жарайды. Түсінбейтін түгі жоқ. Сақтық жасағаны. Мен киіп бара жатқан етік үшеумізге де ортақ. Біздің үйде оның құны ерекше, бәріміз көздің қарашығындай сақтаймыз. Бәріміздің размеріміз бір. Отыз төрттен қырық бірге дейін. Ретіне қарап одан әрмен өсе берсе де айып емес. Жол-жөнекей Құлманның үйіне соқтым. Есекке мінгестіре кетпесем жаяу бара алмайды, етігі жыртық. Апасы үйде жоқ екен, кеше кешке көрші колхозға кетіп, содан әлі қайтпапты. Үйлері ат қорадай аңырап тұр. Өзінен кейінгі тоғыз жасар қарындасы Зеркүл ошаққа тезек қалап, оны тамыза алмай әуреге түсуде. Бірте-бірте сөніп бара жатқан өрік ағашының түннен қалған шоғын ұртын толтырып үрлегенде, пештің ішінен бері ұшқан тозаң мен күл көмейін қауып, оған су тезектің ащы түтіні қосылып, шашалып-қақалып орнынан тұрды. –Құр үрлемей қағаз салсаңшы,– деп жекіді Құлман. –Қағаз жоқ,–деп жауап қатты тісі-тісіне тимей тоңып отырған қыз отты тағы үрлемек боп қайтадан еңкейіп. –Қане, маған берші. Сіріңке жоқ па? –Жоқ. Мен шүберек сөмкемнен «Ана тілі» кітабының күзде оқып кеткен жағымыздан бір парағын жыртып алып, шоқ жылтырап тұрған жерге тығып: «Ал, үрлейік»,–дедім. «Екеулеп пе?» –деді Зеркүл тақ етіп. «Иә, екеулеп, әйтпесе қағаз күйе боп босқа таусылады». Ошақтың алдына қатарласып отырып алып, кеңірдегіміз кетпендей боп ал кеп үрле. Басымыз айналды. –Шоқты сөндіріп алмаңдар,–деді Құлман күл қауып жатқан бізге ескерту жасап. –Тағы ма? –Тағы. Бір шеті қара қошқыл боп күйе бастаған қағаз енді бір үрлегенде лып етіп жана кетті. Зеркүл қуанғаннан қолын шапалақтады. Таңертең пешке от жағып алу ауылдағы әрбір үй үшін әжептәуір оқиға. Біз
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38