БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

кезде ешкімнен бұлай сұрамайтын. Сейду оның қасына барып арқасынан қақты. Жұп-жұмсақ мейірімді үнмен: «Не болды, Гүлжамал?» – деді. –Көкемнен хат жоқ. Үш ай болды… Арқадан қаққан мұғалімнің мейірімді қолы сағыныштан езіліп тұрған бала жүректі ерітіп жіберді. Еріген бетте сау етіп жас боп төгілді. Кеудесіндегі жүрек қан емес кермек жасқа толы сияқты, мұғалімнің қолы арқаға тиісімен көз көбесіндегі бітеліп тұрған болар-болмас кішкене бір тетікті сиқырлы күшпен ағытып жібергендей, ол кішкене алақандарымен бетін басып үлгергенше төрт-бес ірі тамшы партаға тырс-тырс тамып үлгерді. Тамған бетте төмен тайғанаған жылымшы жастың суық партада қалған ізі лезде бозамықтанып түп-түзу мұз сызықтарға айналып жатыр. Бәріміз жым-жыртпыз. Сейду де үнсіз. Бәріміздің назарымыз Гүлжамалға ауды. Өйткені оны бәріміз жақсы көреміз. Солай қарай бұрылған он шақты бала кішігірім он шақты труба секілді ауыздарынан будақ-будақ бу ұшып жатыр. Сейду сонау ішкі қалталарының бір қуысынан көлдей орамалын алды да, Гүлжамалдың жасын сүртті. Танауынан буы бұрқырап тұрды. –Қой, – деді Гүлжамалдың иығы селкілдеуін сирете бастағанда. –Хат келмеді деп жылауға бола ма екен? Кешігіп жатқан ғой. Күтейік. –Жоқ, апам айтады… –Иә, ол не дейді? –Қарға-құзғын жеп жатқан шығар, – дейді. Сейду ақырын басып өз орнына барды. Беті сұрланып кетті. –Балалар, – деді дірілдеп. –Ендігәрі мұндай сөзді естімейтін болайын. Бәрің апаларыңа сәлем айтыңдар. Сендерге тағы осындай сөзді айтатын болса, мен олармен басқаша сөйлесемін! Ұқтыңдар ма? Тыңдамаңдар оларды! Олар өтірік айтады. Иә, өтірік айтады! Көзбен көрмей, анығын білмей айтылған сөздің бәрі жалған. Мына мен ше, мына мен! Маған неге қарамайсыңдар! – Ол қалшылдап кетті. Жалғыз қолмен сықырлауық сары столды қойып-қойып қалғанда ол қиқалаңдай құлауға аз-ақ қалды. «Маған неге қарамайсыңдар»,– деген сөзінде үлкен мән бар. Өткен көктемде «Майданда ерлікпен қаза тапты»,– деп артынан қара қағаз келген. Қатын, бала-шағасының көзінен жас емес қан ағып, кәрі шешесі жер тоқпақтап, бетін тырнаған. У-шу, ел жоқтау айтып, алыстағы ағайындары бата оқып та келіп жатты. Тағдырдың салған қыл тұзағына тулап-тулап көніп, жылай-жылай көздің жасы суалып, мәні кеткен сүреңсіз тіршілікке енді-енді немқұрайды араласа бастаған шақта күтпеген жерден Сейдуден хат келді. Елге келе жатқанын жазыпты. Ауыр жараланып, майдан даласында көп өліктің ішінде қалып қойған екен. Көмейін деп жатқанда бұның қимылдағанын біреу көріп қалады. Дереу басқа машинаға салып, өзі сияқты ғайыптан-тайып «о дүниеден қайтқан» төрт-бес адаммен бірге госпитальға жөнелтілген. Қалтасынан кім екенін ажыратар бір де бір документ табылмаған. Оған шейін командирлер оны өлдіге санап, штабқа ақпар беріп үлгіріпті. «Өлді» деген хабар мен «келе жатырмын» деген хабардың адамға түсер әуелгі салмағы бірдей болады екен. Кәрі шешесінің есі ауып, әйелі жынданып кете жаздады. Тек балалары ғана ерте

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38