БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

көктемнің қатқақ батпағы қара табандарын тілгілегеніне де қарамай «Көкем келе жатыр, көкем келе жатыр»,–деп ауылды жалаңаяқ, жалаңбас бірнеше айналды. Бұл – ауылдағы ұлы той еді. Өлдіге балап, қырқын беріп, енді жылына дайындалып жатқан адамның өзі келсе ұлы той болмай қандай болмақ! Оны бүкіл ауыл қарсы алды. Еңбектеген бала мен еңкейген кәрі алдынан түгел шықты. Бәрі жылады. Сейду де жылады. Басқа жерді қайдам, біздің ауылдың көз жасы дайын тұрады. Майданнан жақсы хабар келсе де, жаман хабар келсе де, біреудің қызы күйеуге қашып кетсе де, қайтып келсе де, біреу жақсы ән салса да, шамның майы таусылып қараңғы үйде қалса да, сиырдың бұзауы өлсе де, ең арысы жатар кезде қатты жел соғып, тамның бұғат ағаштары мұңайып ызыңдаса да жылайды. Бәлкім олардың адамға деген мейірімдері Адам-ата әуел баста жаратылғандағыдай осы кезге шейін тап-таза, қоспасыз, тұнық сақталып келген шығар. Бәлкім адам боп жаралып, қоғам боп топтасқалы бері тағдырдың оң қабағынан гөрі сол қабағын көбірек танып, жауырынына жебе, маңдайына шөңге көбірек қадалғандықтан запы болған жүректің тереңінде әр ғасыр тастап кеткен мұңы мен қайғысы жел мазасыз шуылдаса да үрке көтерілетіндіктен шығар. Әлде ұлдарының үйде туып, түзде өлгенін көп көргендіктен бе, әлде заманалар бойы тыныштық пен қуанышты аңсап, сол аңсаулары кеуделеріне мұз боп қатып, жақсы әнді есіткенде жіби салатындықтан ба, әлде, ел айырылған топалаң шақта бір ананың отыз ұлы отыз молаға айналып, ол өлік санаға мәңгі ұялағандықтан бұзауы өлген сиырды көрсе де қайғысы қайта ояна сала ма, әлде қарындас біткен жат қанжығасында кетіп, бұлардың да сүйегіне бесігінде кеп сіңген күңіренген елдің зары қыз күйеуге кетсе де ескі жарадай жаңғыра сала ма, әйтеуір, олардың көз жасы әрқашан дайын тұрады. Мүмкін, сол дұрыс та шығар. Олар қуаныш атаулының адамға қаншалықты қымбатқа түсіп келгенін сездіріп кеткен болар, қуана білуді, жылай білуді үйретіп кеткен болар. Сөз жоқ, Сейду сол сәтте өзінің топалаң ішінен аман шығып тірі қалғанына, жер басып елге келгеніне, бұдан былайғы «олжа» өмірінде тіршіліктің ащылы-тұщылы дәмін талай-талай тататынына қуанып жылаған жоқ, мына қарсы алдынан қара-құрым боп шыққан кемпір мен шалдың, жас бала мен жесірдің майдан даласына жетіп жығылып, мәңгі қайтпайтын қасиетті сағыныштарын ойлап жылады, жерленбей қалған сол жетім сағыныштарды аяп жылады. Кешке ұлан-асыр той болды. Жұрт өлең айтты. Бәрі де жүрек шымырлатар мұңлы ән. Бейбіт кезде алтын берсең де әу демейтін Қатша кемпір ән салды. Осы кезге шейін ешкім білмеген, ешкім естімеген ән. Сай-сүйегіңді сырқыратады. Осы тойға дейін оның өлең айтқанын бір адам естімепті. Бәрі қайран қалды. Бұл әнді ол қашан үйренген, кімнен үйренген? Біреуден үйренген күнде де жыртық шапанның

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38