астындағы қырық жамау жүрегі бір сағатқа созылар қорғасындай салмақты, ашудастай зәрлі сөздерді қалай мүлтіксіз, қоспасыз, саф күйінде сақтап келген? Қалай? Бұл сұраққа ешкім де жауап бере алмайды. Қатша кемпірдің өзі де! Балалық шағы жаралы бір топ бала есік жақта үнсіз отырамыз. Бізге ешкім көңіл бөлмейді, көңіл бөлмеді деп намыстанбаймыз, жасымаймыз. Солай болуы керек. Біз баламыз. Бізді ешкім елемеуі керек. Сейду енді көзіне жас алуын қойды. Бір қолының шолақтығы ешкімге ерсі көрінген жоқ, қайта жарасып тұратын сияқты. Жұрт қуанып жатыр. «Бір қолы жоқ екен»,–деп сыбырлаймыз бір-бірімізге. «Иә, бір қолы жоқ екен», –деп қостайды мойнын созып көргендері. Бәріміз Сейдуге қызыға қараймыз. Көкелеріміз Сейдуге ұқсап шолақ боп қайтып келсе екен дейміз. Сейду әскери өлеңдер айтты. Түсінбесек те ұйып тыңдадық. Ол әлгінде жылағанын ұмытып кетті. Ес білгелі еркек боп көзіне бірінші рет жас алғаны болу керек. Сол кездегі жылағаны үшін Сейду бізден әлі күнге дейін қысылатын сияқты. Ол бәрімізге ұрысты. «Ешкімнің сөзіне сенбеңдер, бәріңнің көкелерің келеді» деді. Гүлжамал жылағанын қойды. Бірақ, ойымнан Гүлжамалдың апасы мен менің апамның уайым-қайғыларының соншалықты бір-бірімен дәл келгені кетпей тұрып алды. Ол аз дегендей, қайдағы бір «қарға-құзғын» дегеннен шошынып отырғанымда, Гүлжамалдың да соны ойлап, соған жылап отырғаны қайран қалдырды. Мен оны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Дәл қазір қасына барып, мектеп жабылмай тұрғандағыдай қайтадан бір партаға отырғым келді. Сейду сияқты қалтамнан орамалымды алып оның жасын сүрткім келді. Егер құдірет айрықша қуат берсе оның әкесін іздеп тауып, Гүлжамалдың көз жасын біржола тыйғым келді. Жапсарбаевтың қарындасы екінші кластан кейін мектепті тастап кеткен екен. Сейду оның үйіне хат жазып берді. Өзі бізбен бірге оқи беретін болды. Жапсарбаев жазылып шыққанша ағасы үшін де, өзі де оқи тұрады. Бір кластың ары-берісі жоқ және айналып келгенде бір үйге баратын білім! Есік алдына арба кеп тоқтады да, бүгінгі сабақ осымен аяқтады. Бәріміз аузымыздан бу бұрқырап тезек түсіруге далаға шықтық. Ертеңнен бастап мектепке от жағылады. Әр класс өздері жағады. * * * Сабақтан қайтып келеміз, дәлірек айтқанда сабақтан емес, мектептен қайтып келеміз. Бүгін ғана түскен жалғызаяқ соқпақпен қыбыр-қыбыр етіп Гүлжамал кетіп барады. Қар сыза берген соң қолындағы шүберек сөмкесін көтеріп қолтығына қысып алыпты. Қабаттаса берген мені көріп: «Үйіңе қайтпайсың ба?»–деді. «Мен сені апарып тастаймын». «Қалай апармақсың, арқалап апарасың ба?». «Есегім бар. Әне тұр?». Ол суыққа тоңып мөлиіп тұрған есек жаққа қарады да, әлде есектің жанында бірге қайтпақ боп мені күтіп тұрған Құлманнан қысылды ма (оның оң аяғындағы етігінің басында қол сыятындай жыртық бар, жаяу жүруіне болмайды), әлде есек ұнамады ма, басын шайқады. «Жоқ, өзім барамын», «Гүлжамал, сен бағана
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38