жаратқан. –Мына орамалды берген қыз да сізбен жасты ма? –Иә, екеуміз бір күнде туыппыз. –Аты кім? –Айжан. Ай мен жан, яғни, айлы жан деген сөз. –Сіз оны жақсы көресіз бе? –Қайдам, –деді Ермек «жақсы көремін» деп мойындасам Мугараның көңіліне дақ түсіріп алармын деп қауіптеніп. –Мен әлі махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын. Расында да, оның қауіпі дұрыс боп шықты. «Махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын» деген сөзі Мугараның құлағына жағымды тисе керек, оның жүзіне қан жүгіріп, ерніне күлкі үйірілді. –Егер мен сізді жақсы көріп қалсам қайтесіз? Ермек күтпеген сөзден не айтарын білмей абыржып қалды. Сабақ білмей қалған кезіндегідей басын сипап, төмен қарап кібіртіктей берді. Өз сөзіне жауап күтіп Мугара да үнсіз тұр. Ермек бұлай үнсіз тұра беруді қолайсыз көріп, басын жоғары көтергенде өзіне тесіле қарап тұрған екі көз –екі найзаны көрді. Сол найза бұл жоғары қараған кезде өңменін тесіп өткендей, жүрегі зырқ ете қалды. Ермектің денесі от боп жанып бара жатты. –Жарайды, –деді әлден соң Мугара күліп.Бізде аяушылық деген жоқ сонда да болса –Мен сізді аядым. Сондықтан әлгі өткір нұрымды қайтып алайын. Әйтпесе, сен маған ғашық боп қаларсың. Айдаладағы біреудің қанын жүктеп қайтейін. Адам ғой ол байғұс та… –Қанын жүктегені қалай? –деді Ермек әрең тілге келіп. –Егер мен сізді жақсы көрсем мына орамалдың иесін, аты кім еді… –Айжан… –Иә, Айжанды мен тірі қоймаймын ғой. Осында тұрып-ақ өртеп жіберем. –Қалай? Өртегені қалай? Қайтіп? –Не қалайы бар? Кәдімгідей. Апанға құлатам, адастырп өлтірем, суға түсірем, бұлт боп барып найзағай боп атам… Сіздер сияқты аңғал жаралған адамдарды жазалаудың түрі көп қой. Сонан соң, солардың бәрінің себебін іздеп, дәлелдеп әуре боп жатасыздар. Бізге де керегі сол. –Мугара сықылықтап қатты күліп еді, үлбіреген жас қыздың бет -әлпеті мен жанарынан болашақ мыстанға тән аярлық пен қатыгездік ұшқыны жылт ете қалды. –Мугара, өтінемін, сіз бұлай күлмеңізші, –деді Ермек ақырын. –Неге? Менің күлкім саған ұнамай ма? –Иә, Әсіресе, жаңағы күлкің. –Онда, сіз де мені ашуландырмаңыз. Әйел ашуланған кезде олардың кеудесінде бір-бір мыстан пайда болады. –Сіз неге ашуландыңыз? –Сіздер өздеріңізден басқаны ақымақ деп ойлайсыздар. Сіздерді жек көретіндігіміз сондықтан. –Жоқ, қателесесіз, біз ешкімнен өзімізді артық санамаймыз, –деп бұртия қалды Ермек. –Көрдіңіз бе, қазір тура менің қасымда тұрып өтірік айтып тұрсыз. Ал маған бәрі белгілі. Сіз Айжанды жақсы көресіз, бірақ, оны менен жасырғыңыз келеді. Және соған мені сенеді деп ойлайсыз. Менің ашуланатыным сол. Өзгені ақымақ санау деген осы. Ермек Мугараның барлық шындықты оп-оңай біліп, бәрін дәл тауып тұрғанына таң қалды. Керемет бір ұрлығы мен айыбы табан асты ашылғандай ол Мугараның алдында кінәсін мойындап, сол
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36