мыстан кемпірсіз ғой. Біз олардан қорқып үйренгенбіз. –Сен қорықпа. Мен әбден қартайған кемпірмін. Жатсам болды ұйықтай беретінім де сондықтан. Одан да сен маған көмек бер. –Қайтіп? –Маған еріп біздің бірлестікке жүр. –Онда мен не істеймін? –Мәселе мынада. Мен жақында пенсияға шықпақпын. –Шықсаңыз қайтем? –Пенсия молдау болу үшін соңғы жүз жылдағы табысың да көп болуы керек. Біздің табысымыз –сендерсіңдер. Яғни, алдап-арбап қолға түсірген адамдардың санына, бүлдірген тірлігімізге байланысты. –Егер мені алып барсаңыз сізге сыйлық бере ме? –Қайдам. Негізінен біз кез келген адамды ұстай бермейміз. Ол үшін берілетін сыйлық ақша да аз. Егер қолға түсірген адамымыз әрі батыр, әрі ақылды, әрі өжет боп келсе, міне, сонда құдай берді дей бер, Пайдаға да, абырой-атаққа да шаш-етектен кенеліп қаламыз. Оң солын танымаған сені апарып бастығымнан сөгіс алып қалам ба қайдам. Күні бойы ешкімді алдай алмадым. Қазір жұрттың бәрі пысық, бәрі қу боп алған. Кейде өзіңді алдап жібереді. –Рас па? Сізді кім алдады, есіңізде жоқ па? –Неге болмасын! Ордабасы деген жерде, қазіргі Шымкент облысы, Алдар деген біреу тұрып еді. Ой-бо-ой, адамның қуы еді ау талайымызды алдап, жер соқтырып кетті ғой?! –Алда-ар?! Кәдімгі әйгілі қу Алдар-көсе ме? Сіз Алдарды көрдіңіз бе? –Е, көрмегенде! Өзіңде бір тал сақал-мұрт жоқ, көсе болатын. Талай рет алдаймын деп барып опық жеп қайттым. Бастығым қайта жібереді: мен қайта келем. Бірде шайтан боп келем, бірде жай адам боп келем, бірде кез —келген жануарға айналып, түйе, ат, сиыр, есек боп та келем. –Сіз хайуанға да айнала аласыз ба? –Әрине! Хайуаннан аадамға, адамнан хайуанға, одан өтіп албасты мен жын-шайтанға да айнала алам. Бастығың айтса не болмайсың! –Ой қандай қызық! –Несі қызық! Кейде біреуді шағу үшін шаянға, құрт-құмырсқаға айналасың да, оның жолын тосып бір жырады айлап, апталап жатасың. Ол бәле уақтылы келе қоймайды. Әсіресе, Қазақстанның адамдары қандай салақ! Келетін жеріне ешқаашан уақтылы келген емес. Күні бұрынғы ақпар бойынша пәлен уақта келеді деп күтесің, ал олар бір күн, немесе екі күн кешігіп келеді. Сондықтан жоспарымызды да орындай алмай ит боламыз. –Сіздерде де жоспар бар ма? –Болғанда қандай? Қазір хозрасчетқа көшіп жатырмыз. Не табасың –соны аласың. Мәселен, бүгін сені апардым ба, кешке қарай саған лайықты ақшасын төлейді. Дым апармасаң – дым жоқ. Баяғыда батыс Пруссияда қызмет еттім. Адамдары қандай ұқыпты десеңші. Пәлен деген жерге пәлен уақытта барады деп хабар алсаң, дәл сол минутында келуші еді сабаздар. Артық бір минутың кетпейді, алдап -арбап қапқа саласың да тайып тұрасың. Жоспарды екі есе орындаушы ем. Ол кезде жас та едім! -деп мыстан кемпір қылмыңдап қойды. Ермек енді шынымен қызыға бастады.
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36