ЕРТЕГІ ЕЛІНДЕ

босқа жүрген адамды апарғаннан гөрі, спортсменді әкелдім десем оған да ұпай жазылады да. Ермек сауыт-сайманды киіп алды . –Ал, мен дайынмын! –Ендеше, мін арқама! Ермек оның арқасына мініп еді, мыстан кемпір: «Жұм көзіңді!» –деді. Ермек көзін жұмды. –Кеттік. Мойнымнан мықтап ұста! Олар тұрған жерде көк түтін бұрқ ете қалды да екеуі көзден ғайып болды. Сөйтіп үйінен өкпелеп кеткен Ермек ертегідей өмірге араласты да кетті. Әрине, әуелгінде ол қатты қорықты, сол қорқыныш жүрегінде үйіне, ата- анасына деген сағынышын оятты. Бірақ, алда тұрған тылсым өмір оған бәрінен қызық боп көрінді. Оның үстіне, қорық-қорықпа, бәрібір шегінер мүмкіндік жоқ еді. Енді оған тәуекел етуден басқа амал да қалмаған-ды. * * * Бұлар кеп түскенде жындар мен мыстандар бірлестігінде той қызып жатыр еді. Бұл сарай емес, жабайы үңгір мен тастардың арасы. Мыстан кемпір, қос мүйізді жындар, жалғыз көзді дәулер, құйрықты шайтандар, тістері ақсиған албастылар мен жезтырнақтар, өздерінше әдемі киінген мыстан қыздар шарап ішіп, би билеп жүр. Олардың ортасында Бірлестіктің патшасы «Тюльтан-99» отыр. Оның кеудесінде «Тюльтан -99» деген жазулы лента бар. Қызметшілер оған тұс-тұстан шарап пен неше түрлі жеміс шырындарын, піскен ет пен отқа қақталған кәуаптарды тықпалауда. Тюльтан масаң күйде қалғып-мүлгіп отыр. –Құрметті албас… албастылар және мыс… мыстандар! Менің патшалық құрғаныма бүгін нешінші күн?–деді ол жындарға қарап. –Үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық төрт күн! –деп олар бірауыздан хормен жауап берді. –Ал, мен қандай патшамын? –Сен ұлылардың ұлысы, данышпандардың данышпаны, патшалардың патшасысың, ұлы мәртебелім–деді көмекшісі шәңкілдеген жіңішке дауыспен. –Біз ешқашан сендей кемеңгер патшаны көрген жоқпыз және көреміз деп үміттенбейміз де! Біздің арамызға патша боп келіп қалғаныңызға өзіміз де таң тамашамыз. Біздің жын-шайтан боп аман-есен жер басып, бала шаға асырап отырғанымыз тек сіздің теңдесі жоқ көрегендігіңіздің арқасы. Мыңдаған жылдар бойы біз тек сендей патшаны армандай келгеміз. Оның рас екендігін он бір мың жасқа келген қасымдағы мына кәрі сайтан айтсын. Рас па? –Рас, рас! Сіздей патшаны өмір бойы армандап келдік. Жасасын ұлы патшамыз Тюльтан -99!– деді кәрі сайтан даурыға айғайлап. –Ур- ра! Гип– Гип, ура-а! –деп оны хор қостап кетті. –Сіз сияқты данышпан патшасы жоқ елге біздің жанымыз ашиды, Ұлы мәртебелі тақсыр! –деп бір жас сайтан оған жағымпазданып айғай салып еді, қалғып отырған Тюльтан -99 оқыс көзін ашып алды. ؎Не-ме-не? Жанымыз ашиды? –деді ол ежірейіп. –Біреуге жан ашу деген не сұмдық! Бұл не масқара! Көмекші! Сен қайда қарап жүрсің? –Ол жас қой, байқамай айтып қалды, ұлы мәртебелім! Әйтпесе, біздің бірлестікте ешқашан біреуге жанашу деген болған емес және болмайды да! –Ал, мынау не? –Ол қателесіп тұр мәртебелім!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36