ЕРТЕГІ ЕЛІНДЕ

–Жастар, жастар! Жастар қазір бұзылып барады! Көрдің бе олардың ақымақ бастарына қандай жылауық сезімдер ұялай бастағанын! Кесіңдер ондай басты! Патшаның аузынан кесімді бұйрық шыққаны сол-ақ екен жендеттер жас сайтанның басын әп сәтте қағып тастады. Алысқа сүйреп әуре болмай- ақ тура жұрт көзінше, тұрған жерінде алды. –Міне, патшалығымыз енді жат ойдан тазарды. Қоғамды арам ойлы адамдардан тазартқанымыз үшін! -деп Тюльтан шарап толы тостағанын жоғары көтерді. –Ұлы мәртебелі патша ағзамның данышпандығы мен көрегендігі жасасын, ура жолдастар! –деп көмекшінің өзі тостағын басына түгел көтеріп алды да: –Біз ертеңгі тойға қызу әзірлікке кірісуіміз керек, –деді қақалып -шашалып. Оның сөзін патшаның өзі қостады. –Иә! Ертең менің таққа отырғаныма үш жүз алпыс… деп ол кеңесшісіне бұрылды. –Қанша күн болады, ақымағым менің? –Қырық бес күн, мәртебелім менің! –деді көмекшісі ықылық атып. –Қалай? Қы- қырық бес-ақ күн бе? Одан көп сияқты еді ғой. –Үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күн болады, мәртебелі тақсыр! –деді көмекшісі әрең дегенде сөзін түзеп. –Міне, солай де!.. Ал, құрылысшылардан не хабар бар? Олар менің салтанатты сарайымды қашан бітірмек? –Сарай салынып бітті, ұлы мәртебелі тақсыр! –Патша қуана қол соғып айғайлап жіберді. –Ура! Ура! Жасасын мен! Жасасын!.. –Ол өзінің нешінші екенін ұмытып қалып: «Нешінші едім?» –деді көмекшісінен. –Тоқсан тоғыз, жоғары мәртебелім!–деді ол. –Тюльтан-99 жасасын! Яғни, жасасын мен! Енді ол мынадай үңгір мен жабайы тастардың арасында отырмайды! Енді оның еңселі сарайы болады! Ал, көшейік! –Көшуге әлі ерте, ұлы мәртебелім! –Неге? –Сарай салынуын салынып бітті. Бірақ, онда күрделі жөндеу басталып жатыр. –Жаңа салынған сарайды неге жөндеу керек? –Онсыз бізде ешқаашан үй салынып көрген емес, мәртеебелім. Ол қалыптасқан дәстүр. –«Ескі әдеттен арылыңдар» деп бір жерде айтқан сияқты едім ғой. Айтып па ем, әлде айтпап па ем? –Есімде жоқ, тақсыр! Қазір мен қарап жіберейін –деп көмекшісі қойын дәптерін суырып ап ұзақ іздеді де, ештеңе таба алмай оған қарады. –Жоқ екен, айтпапсыз, тақсыр! –Онда жазып қой. «Бәрің ескі әдеттен тез арада арылыңдар!» Жаздың ба? –Жаздым, тақсыр! Қандай ғажап сөз! Бұрын қалай осыны білмей келгенбіз. Шарапқа әбден тойған Тюльтан жыламсырай сөйледі: –Мен таққа отырғанда басталған сарай әлі салынып біткен жоқ! Не деген жайбарақаттық! Бәрібір мен оның бітуін күтпеймін. Бітпессе де көшемін! Барып өзім жөндеп аламын! –Ол да мүмкін болмай тұр, мәртебелім. –Неге? –Екінші қабаттағы сіз отыратын бөлменің едені әлі салынған жоқ. –Неге? –Еденін салғалы жатқанда шорту морту елінің ішкіштері… а, ішкі істер министрі келіп, арақ-шарап алу үшін еденнің материалын түгел сатып жібергенбіз. –Алаяқтар! Саудагерлер! –Ол амалы құрып отырып қалды. –Мейлі, едені болмаса да тұра берем» –деді әлден соң.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36