сәл жоғары көтеріп, қара көздерін бір нүктеге қадай қалады екен. Сонысының өзі аққұба, дөңгелек жүзіне ерекше бір жарасымдылық сеуіп тұратын секілді. Оның барлық қимылы, тіпті ойнақы күлкісінің өзі де сол күлкі иесінің ұстамды, қайратты, іскер адам екенін танытып тұрғандай. Осындай қалпын көріп отырып, Кәмшәт оның бойынан мақтаншақтық қасиет іздегендігі үшін өзінен-өзі қысылды. «Біз түк те білмейді екенбіз ғой,— деді ішінен.—Қарашы, Ермекбайдың өзі де аузын ашып тыңдап қалыпты. Және, ол қандай жақсы сөйлейді. Соның бәрін ол қай кезде біліп үлгіріп жүр?» Бектемір Кәмшәтқа дүниедегінің бәрін бес саусағындай білетін адам сияқты боп керінді. Оның көзінен ешнәрсенің таса қалуы мүмкін емес. Ол бәрін де есітіп, біліп отырады. Мына өмірде не болып жатыр, бәрін-бәрін біледі. Кәмшәт үшін дүниедегі ең көп білетін адам — өзінің Ермекбайы сияқты еді, ал қазір, Бектемір қолын сермей түсіп, әртүрлі тақырыпта сөйлеп отырғанда, жас әйел Ермекбайдың таңдана тыңдап отырғанын көріп, өз күйеуінің тіпті беріде жүргенін аңғарды. Бектемірдің әрбір әңгімесі Кәмшәттің көз алдына бұрын-соңды өзі есітіп-білмеген мүлде бейтаныс дүниенің пердесін бірте-бірте жайлап ысырып бара жатқандай болды. Ол қолайсызданып, қысыла түсті. Қысылғанда, алғашқы кездегідей шала таныс адамның алдында ұялғандықтан емес, өз күйеуінің, Ермекбайдың Бектемірдің алдында білімсіз боп шыкқанына қысылды. Қазіргі күннің жай-жапсарын жіліктеп, тіпті, өткен тарихтың да қуыс-қуысына үңіліп, қалаған нәрсеңді сол тарихтан суырып алып, алдыңа жайып салып отырған Бектемірдің соншалықты білгірлігін Кәмшәт қызғана бастады. Өздерінің көп нәрсені аңғара бермейтіндігін оған онан сайын сездіре түскісі келмеді. Әйтсе де Кәмшәт қабақ шытпай, бастапқы жайдары қалпын сақтап отыра берді. Әңгіме үстінде Бектемір өз сөзін қостатып «солай емес пе?» деп бұған да қарап қойды. Оған Кәмшәт ылғи да «солай ғой», «әрине» деп жауап берді. Бір ретте Кәмшәт Бектемірдің ұсынған бос кесесін ала беріп, оның саусағына қолы тиіп кетті. Ол тез тартып ала қойды. Бетінің ду ете түскенін сездірмейін деп төмен қарады да, шай құя бастады. Бұл құйған шайы кеседен асып кетіп, оны орталауға тура келді. Олар бір жарым сағаттай отырды. Бектемір сөзінің ақырында колхоздағы бүгінгі өткен жиналыс туралы сөйледі. Ол Тұраптың сөзін онша қостай қоймайтындығын, ал Бибісараның ол кісіге шамадан тыс қатты кеткендігін ескертіп өтті. Біраздан соң дастарқан жиылып, құрғақ әңгіме ширек сағаттай уақытқа созылды. Сонан соң Бектемір кететін кездің болғандығын айтып, орнынан тұрды. Бектемір ауызғы үйдің есігіне таяна бергенде, келесі жексенбіде бұларды өз үйіне қонаққа шақыратынын айтты. — Сөз жоқ келіңіздер,— деді ол бұған қосымша ретінде.— Немесе бір балаларды жүгіртіп жіберермін. Немесе, тіпті, өзім-ақ. Олар тысқа шыққанда аспанды бұлт торлап, желкем соғып тұр екен. Далада қараңғылық. Жел жұлқып берекесін алған қауқарсыз жазғы бұлттың ара-арасынан
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66