қалтырай көтерілді. Өзіне-өзі келмек боп бұрышта қозғалмастан біраз отырды. Сонан соң далаға атып шығып, ешкім көрінбей ме екен деп, төңірекке көз тастады. Жұмыстан кеш қайтқан, сиыр айдаған бір-екі өткінші адамдар болмаса, бұлардың үйіне туралап келе жатқан ешкім көрінбеді. Солай бола тұрса да, Кәмшәт үйге кіріп хат жалғасын тағы оқуға тәуекел ете алмады. Ол әлгі бұрышқа барып қағазға енді бас қоя бергенде әлдекім дәл үстінен түсетіндей, тіпті, өзінің дәл желке тұсында тұрып, өзімен бірге хатты қосыла оқып тұратындай сезінді. Сонан соң Кәмшәт әлгінде сүт пісіремін деп жағып қойған отқа келді. Дөңгелек-дөңгелек сиыр тезектері көмір шоғындай қып-қызыл боп жанып жатыр екен. Ол өзін осыншама азапқа салған бір жапырақ қана қағазды алақанына қыса ұстап от басында ұзақ тұрды. Оны отқа тастап жібергісі келді. Осы ойын орындамақ боп, әлденеше рет қолын жер ошаққа қарай созды да. Бірақ, белгісіз бір күш оны өз еркіне жібермей тежей берді. Оттың дәл төбесіне әкеп қолын созғанмен жұдырығын аша салуға шамасы жетпеді. «Болды. Міне, құтылдым. Құтылдым бәрінен де. Енді бәрі де бітті»,— деп ол қолын жалынға тигізер-тигізбес етіп жақындатты да, алақанын ашып қалды. Құдай-ау, оның алақанында ештеңе жоқ! Сонда оның қайда қалғаны?! Кәмшәт тез-тез жан қалтасын қарады. Кеудешесін шешіп алып сілкіп-сілкіп жіберді. Бір-екі түймелер ғана сырт-сырт етіп түсе қалды. Басқа ешнәрсе жоқ. Үйге жүгірді. Өзі отырған бұрышты, терезенің алдын, үстел үстін шарлады. Бірақ, одан да хат табылмады. «Отынхана… отынханаға. Мүмкін, сонда қалған шығар». Ол отынхананың есігін шалқасынан ашып тастап, еденге көз жүгіртті. Сол кезде оң жақ бұрышта ағарып жатқан қағазды көрді. Ол қолымен бөдене басқандай хатты ұстай алды. Бағана тезек алып жатып, хатты осында қалдырып кеткен екен. Сонан соң отқа қарай жүгірді. Сол кезде ат тұяғының дүрсілі естіліп, ол ошаққа жетемін дегенше, Ермекбай да келіп үлгірді. Кәмшәт орта жолда сұлқ тұрып қалды. «Тез! Жасыру керек!» Ол қағазды кеудешесінің кішкене қалтасына тыға салды.Ешқандай жұмысы болмаса да ошақ басына барып, оның қасында жатқан ағаш көсеуді алып, маздап жанып жатқан отты бекерден бекер түрткілей берді, түрткілей берді. Ермекбай атынан түсіп, тартпасын босатқанша, ауыздығын алып қазыққа байлағанша Кәмшәт ошақтаң қып-қызыл боп ұшып шығып жатқан майда ұшқындардан бір сәтке де көз алмай қимылсыз отырды. Әр шоқты түрткілеген сайын қызыл ұшқындар аспанға белдеу-белдеу боп көтеріледі. Кәмшәт бұл жерде өзінің неге отырғанын да, не күтіп отырғанын да сезбеді. Оның басында үздіксіз қайталанып тұрған үш-ақ ауыз сөз бар еді. Ол: «Сезіп қалмаса екен» деген үрейлі сөз еді. — Сен мұнда неге отырсың,— деп оқыс шыққан күйеуінің дауысынан Кәмшәт селк ете түсті. Ол Ермекбайдың өз қасына келіп қалғанын
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21 22 23 24 25 26 27 28 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 41 42 43 44 45 46 47 48 49 50 51 52 53 54 55 56 57 58 59 60 61 62 63 64 65 66